Алғашқы əңгіме
Алғашқы əңгіме
• Ол күн күлімдеп көктен сəулесін төгіп тұрған, қары жоқ, алайды сəл-пəл ызғырығы бар сейсенбі болатын. Бесінші сабақтан шығып, алтыншы сабаққа келгенбіз. Ол - география пəні еді. Менің сүйіп оқитын сабақтарымның бірі. Қалай сыныпқа аяқ бастық, дəл солай қоңырау үні күмбірлеп, сабақтың басталғанынан хабар берді. Бəріміз сүйікті мұғалімімізге сəлем беріп, жарыса тіп-тік тұра қалдық. Мұғаліміміз біздің қысқа да қызықты қысқы демалыстан ауырмай аман-есен келгенімізбен құттықтап, сəлемімізді қабыл алып, орнымызға отыруымызға рұқсат етті. Сабақ тақырыбы – дүниежүзілік шаруашылық.
• Бұл тақырыптан ең алғаш шаруашылық Египет пен Римде пайда болып дамығандығы жайлы білдік. Сонымен қатар қазіргі таңдағы елдердің ұлттық шаруашылығынан хабар алдық. Мысалы, Бразилия – какао өсіру, Канада – орман (ағаш) шаруашылығы, Қазақстан – мал шаруашылығы , Индия – ірі қара мал мен шай өсіру, Жапония – балық шаруашылығы. Тағысын тағы… Осындай қызықты мағлұматтар барысында жеке мемлекеттердің қандай да бір өнімді игере отырып, оны сыртқа экспорттау арқылы дамуын да қарастырған едік. Мəселен, бүгінде көптеген қағазды Канада өндіріп, экспорттап отыр екен. Жəне Корея мен Жапония техникасы əлемнің түкпір-түкпірінде таралыпты. Немістің машинасы тағы бар. Тоқ етерін айтқанда, қазір дүниежүзі Канада қағазын қолданып, Корея мен Жапония техникасына таласып, немістің машинасын мініп жүрген көрінеді. Осы сынды ақпаратты апайымыз айтқанда, сынып іші сілтідей тынып, құлаққа ұрған танадай тып – тыныш ұйып тыңдап отырған. Бірақ апайымыз: 
• -  Енді Қазақстан…-дей бергенінде сыныптастарымның көбісі ду етіп күліп жіберді. Күлкілерінің астарында «Қазақстан жайла не айтасыз, айтатын ақпарат бар ма?» деген сияқты қитұрқы ойлары аңқып тұрған еді. Əрине, қынжылтатын жағдай. Өз елін сүйетін адам əсте күлмес еді. 
• Мұғаліміміз сөзін жалғап, «Қазақстанның бүгінде мұнай экспорттайтынын, алайда мұнайдың барлығы өңделмей, шикідей шет елге кетіп жатқанын»-айтты. Біздер Қазақстанның ертеңі екенімізді, Қазақстанның мұнайдан басқа да күрмеуі көп шешілмеген мəселелерінің бар екенін, біз сондай шатасып кеткен шатықты қисынын тауып құрау керектігімізді алға тартты. Бұл – қысқаша ғана бізге берілген болашаққа бағытталған бағдар болған.
Сол күнгі оқиғадан біраз нəрсе аңғардым. Ең ауыр тигені сыныбымның орынсыз күлкісі болды. Жəне мемлекетіміздің мұнайы көптеген азаматтарды мұңайтып жүрген секілді. Барлығы мұнайды айтып айқайлап , шыр-пыры шығып дегбірсізденіп жүр. Ешбірі осы ауруға арнап дəрі табуға талпынып жүрген жоқ. Тек қана құр айқаймен күн өткізуде. Егер бұған өзіміз дəрі ойлап таппасақ, өз елімізді өзіміз аман алып қалмасақ, қазаққа қол ұшын созып,  емешегі езіліп тұрған ешкім жоқ. Бəрі де өз ауыртпалығымен арпалысып жүр. Сондықтан елім деген əр азамат құр айқаймен күн өткізбей,  аурудың емін тауып, үлгі-өнеге көрсетуі керек деп ойлаймын. Мың рет айтқанша бір рет көрсет.
 
 
Kkkkkkkkk OoooooooKkkkkkkkk Oooooooo
7 жыл бұрын 3259
0 пікір
Блог туралы